![]() |
![]() |
28 наурыз күні сағат 15.00-де «Mega Dance - 2025» жобасы аясында өткен «BI BILE» атты облыстық би фестиваль-байқауынан кейін облыс хореографтарына арналған «Қосымша білім беру жүйесінде хореографияны оқытудың әдістері мен формалары» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Семинарға облыстың 22 би ұжымының хореографы қатысты.
Семинардың басты мақсаты – хореографиялық білім беру саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу, хореографияны оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын талқылау болды. Шара қатысушыларға оқытудың жаңа тәсілдерімен танысуға, жұмыс істеудің инновациялық формаларын меңгеруге, кіші және ересек жастағы балалармен жұмыс жасау барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Талқылау барысында Оқушылар сарайының би ұжымдарының жетекшілері белсенді қатысты: «Вдохновение» би ансамблінің жетекшісі – Лапухина Г.А., «Жұлдыздар» заманауи би студиясының жетекшісі – Тактаулова А.К. және «Блэйз» эстрадалық би студиясының жетекшісі – Корнюхина Л.В.
Семинар аясында келесі маңызды мәселелер қарастырылды: әртүрлі жастағы балалармен жұмыс істеу ерекшеліктері, би дағдылары мен дамытушы техникаларды қалыптастыру әдістері, сондай-ақ тиімді жаттығу ортасын құру жолдары. Қатысушылар оқу үдерісін ұйымдастырудағы тәжірибелерімен, заманауи білім беру технологияларын қолдану және педагогикалық тәжірибеге инновациялық тәсілдерді енгізу жолдарымен бөлісті.
Сонымен қатар, семинарда психоэмоционалдық жағдайларды ескере отырып оқыту, балалардың шығармашылық қабілеттерін хореография арқылы дамыту, жас бишілердің физикалық формасын сақтау мәселелері де қозғалды. Хореографтың тек би үйретуші ғана емес, сонымен қатар балаларға өз-өзіне сенімді болуға, қарым-қатынас жасау дағдыларын және өзін-өзі білдіру қабілетін дамытуға көмектесетін тәлімгер ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Бұл семинар қатысушылар үшін кәсіби дамудың, білім мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Сондай-ақ, аймақтағы би ұжымдары арасында өзара ынтымақтастық пен байланысты нығайтуға ықпал етті.