![]() |
![]() |
Оқушылар сарайында көптен күткен «Ару көктем – 2025» байқауы өтті. Бұл сұлулық пен таланттың үйлесім тапқан ерекше кеш болды. Байқауға Оқушылар сарайының бөлімдері мен үйірмелерінен ең дарынды, нәзік арулары қатысты. Көрермендердің қолдауы мен шынайы қошеметі кештің сәнін келтірді.
«Ару көктем – 2025» қатысушылары барлық кезеңнен абыроймен өтіп, тек сұлулығын ғана емес, жан-жақты дарындылығын да көрсете білді.
Мерекелік кеш әдемі әрі әсерлі дефиледен басталды. Бұл кезеңде арулар өз қолдарымен жасаған ерекше сән үлгілерін паш етті. Көздің жауын алатын ерекше киімдер олардың жеке даралығын, шығармашылық әлеуетін және талғамының жоғары деңгейін көрсетті.
Байқаудың алғашқы кезеңі «Самопрезентация» болды. Қатысушылар өздерін бейнеролик арқылы таныстырып, қызығушылықтары мен жетістіктері, арман-мақсаттары туралы айтып өтті.
«Шығармашылық сынақ» кезеңінде қыздар сахнаны өнер алаңына айналдырды. Бірі керемет даусымен тамсандырса, енді бірі мың бұралған биімен тәнті етті. Сонымен қатар, көркем шығармаларды мәнерлеп оқу мен ерекше қойылымдар да көрермендерді бей-жай қалдырмады.
«Зияткерлік сайыс» кезеңінде арулар өздерінің білімділігін, логикалық ойлау қабілетін және шешендік өнерін көрсете білді. Қойылған күрделі сұрақтарға мүдірмей жауап берген қатысушылардың тапқырлығы қазылар алқасы мен көрермендерді тәнті етті.
Кештің ең толғанысқа толы сәті – жеңімпазды марапаттау рәсімі болды.
Қазылар төрағасы, «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» бөлімінің басшысы Абдикаримов Адиль Мырзабекұлы «Ару көктем – 2025» атына ие болған үлгілі «Блэйз» би студиясының тәрбиеленушісі Арина Плюхинаны марапаттады.
«Әдемілік ханшайымы» – Амира Льясова, ЕДЮО «Жас Ұлан»
«Кербез ханшайым» – Валерия Шмулько, үлгілі «Свет Звезды» ән театры, Көркемөнер бөлімі
«Көркем ханшайым» – Аделя Туякова, «Ориентир», Әдістемелік бөлім
«Нәзіктік ханшайымы» – Елизавета Шульга, «Bridge to English» ағылшын тілі үйірмесі, Ғылым және техника бөлімі
«Көрермен көзайымы ханшайымы» – Аружан Қайрула - үлгілі «Жас екпін» домбырашылар оркестрі, Көркемөнер бөлімі
«Сұлулық ханшайымы» – Ақнұр Молдахан, «Beauty studio», Эстетика бөлімі
Бұл байқау сұлулық пен өнердің, нәзіктік пен дарынның тоғысқан нағыз мерекесіне айналды! Барлық қатысушыларға, қазылар алқасына, ұйымдастырушыларға, демеушілерге және шынайы қолдау білдірген көрермендерге алғысымызды білдіреміз!